Оқыту мен оқудағы өзгеріс
Педагогикада «Жақсы ұстаз болу үшін өзің үйретіп жатқаныңды және оны үйреніп жатқандарды сүйе білуің қажет» деген өсиет бар. Осы өсиетті басшылыққа ала отырып, біздің басты мақсатымыз баланың тілін, ой - өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы, заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруымыз қажет. Білім саласындағы әлемнің үздік әдіс-тәсілдерін жинақтаған бұл бағдарлама жайлы мен екі жыл бұрын ауыл мектебінде жұмыс жасап жүрген кезімде тамыз конференциясында, аталған курстың үшінші деңгейін аяқтаған аудан мектептерінің орыс тілі пәнінің мұғалімдерінен естідім. Ол әріптестерімнің бұл бағдарлама жайлы айтқан пікірлері мені қызықтырғаны соншалықты, мен бірден мектеп директорына келіп осы оқуға жіберу жөнінде өтініш жасадым. Курсқа келудегі басты мақсатым: орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясының негіздерімен танысып, мән-мағынасына тереңірек үңілгім келді. Бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді. (Мұғалімге арналған нұқаулық, 4-бет). Міне осы сындарлы оқытуды негізге алған бағдарламаның негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген, ал олар оқыту барысында аралас түрде ұсынылатынын білдім. Бұл мен үшін жаңалық. Бағдарламада қамтылған негізгі модульдер менің педагогикалық көзқарасымды өзгертті. Өйткені мен бұрын сабақта оқушылар тып-тыныш, тәртіп сақтап отырса бәрі бірдей тақырыпты түсініп, білім сапасы жақсы деңгейде болады деп ойлағанмын. Ал 1-«Бетпе-бет» кезеңінен кейін сыныпта топтағы «жұмыс шуы» оң әсерін тигізетінін байқадым. 1 «Бетпе-бет» кезеңінде оқыту мен оқудың әдіс- тәсілдерін, қалай оқу керектігін үйрену мен үйретуді, сыныпта сабақ беруде ең алдымен психологиялық ахуалды қалыптастырудың маңыздылығын, ынтымақтастық атмосферасын орнатуды, сабақ кезеңдерінің өзі бірнеше жаңа әдіс-тәсілдердің көмегімен жүзеге асатынын, әрбір іс-әрекетке кері байланыс орнату қажет екендігін теория жүзінде танысып білдім. Менің күнделікті өткізген дәстүрлі сабағым 45 минут бойы мұғалімнің іс-әрекетіне негізделіп, яғни үй жұмысын сұрап, жаңа тақырыпты түсіндіріп, 5-6 оқушыны бағалап, оқушыларға өздерінің білім дәрежесіне байланысты жеңіл тапсырмалар берумен шектелген. Сабақ барысында тіл сабағы болғандықтан шығар, өзім өте көп сөйлейтінмін, ал «Мектептегі тәжірибе кезеңінде» зерттеу сабақтарында Мария Монтессоридің «Менің іс-тәжірибемде мұғалім аз сөйлейді, көп бақылайды» деген сөзін есімнен шығармай оқушыларды жіті бақылаудың арқасында, бұрын байқамаған қырларынан көре бастадым. Тек мұғалім басымдылық көрсетіп көп сөйлеген жағдайда мұндай іс-әрекет - білім аясы тар, көбінесе ойлаудың төменгі деңгейін ғана қамтамасыз ететінін байқадым. Бұрын өз сабақтарымда оқушылармен амандасып сабақты бiрден бастап, олардың көңiл-күйлерiне аса мән бермей бiрден сабақ тақырыбына көшетiнмiн. Сондықтан сынып оқушылары басқа да өз қабiлеттерiн көрсете алмай, көңiл-күйлерi де болмайтын. Олардың шынайы қабiлеттерiн байқап, бiле бермеппiн. Сабаққа деген қызығушылығы төмен оқушылар, әрине сабақты онша оқығысы келмейдi. Сөздiк қоры орташа немесе мiнсiз оқушылар ғана тапсырмаларды орындаса, қалған оқушылар үнсiз қала беретiн. Неге олай жасадым екен? деп қынжылдым. Бірақ бізді оқытқан мұғалімдер де осындай дәстүрлі сабақ жүргізді емес пе? Одан ешкім жаман болған жоқ қой деп те ойладым. Бірақ та мен үшін осы Бағдарламаның аясындағы жеті модуль идеяларын түсініп, өн бойымнан «тоқ өткендей» өткізуім – өзімнің де өзгеруіме түрткі болды. Сонымен қатар менің мектептегі іс-тәжірибеме де үлкен өзгеріс әкелді. Ол өзгерісті 1-«Бетпе-бет» кезеңінде-ақ өзімнен байқай бастадым. Қалай мен бұрын қателесіп жүргенмін. Тренердің бағыт-бағдары, іс-тәжірибесі арқасында 1-«Бетпе-бет» кезеңіндегі меңгерген теорияны тізбектелген сабақтар топтамасының орта мерзімді жоспарын құрастыруда нақты байланыстыруға талпындым. Өзімнің алғашқы өзгерісімді менің тізбектелген сабақтар топтамасындағы орта мерзімді жоспарымның мақсат, міндеттерінен көруге болады, яғни олар толық өзгеріске ұшырады. Осы мақсат, міндеттерге сүйене отырып қысқа мерзімді жоспарымды құрастырдым. Осы жоспардың негізінде алғашқы сабағымды табысты өткізуге Шульманның «үш көмекші» деп аталған қасиеттері өз бойымда болуының арқасында дайындалдым. Мектептегі тәжірибе кезеңінде зерттеуге алған сыныбым 6 «В» сыныбы. Сыныпта барлығы 16 оқушы, оның 5-уі қыз, 11-і ұл балалар. Алғашқы сабаққа келген оқушылар бірден сабақтың әдеттегіден өзгеше өтетінін байқады, өйткені сыныптағы парталардың орналасу орынын өзгерткен болатынмын. Олар мені сұрақтың астына алды. -Мұғалім бүгін ашық сабақ па? -Біз бүгін сайыс сабағын өткіземіз бе? деп оқушылар сұрақтарын жаудырды. Осы сұрақтарды қойғаннан-ақ көздерінен «Неге бәрі өзгеріп кеткен, мұғалім көңілді сияқты» деген жымиюды байқадым. Бұрын түрімді қатал көрсеткенде бәрі тып-тыныш келіп отыра қалатын. Мектептегi iс-тәжiрибе кезеңiнде алғашқы сабақтарымнан бастап сыныптың ынтымақтастық атмосферасына баса назар аудардым. Өйткені сыныптың ынтымақтастық атмосферасы – бiрнеше факторлардан тұратынын, ал ең маңыздысы ол мұғалiм мен оқушы арасындағы сенiмдi қарым-қатынастардың орнатылуы екенін білдім. /Ресурс. 1-апта/. Тәжiрибемде сыныпта жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру үшін «Ізгі тілек», «Мен қандаймын?» деген шаттық шеңберлеріне тұрып, бір-біріне орыс тілінде тілектерін білдіргенде таңданып, көңіл-күйлері көтерілді. Бұдан байқағаным, орыс тілі пәніне деген ынтасы мен қызығушылықтары, қуанышты көңілдері тілек айта бастағаннан-ақ білінді. Ал соңғы сабақта «Аффирмация» әдісін пайдаланғанда барлығы сенімді түрде, әсіресе С деңгейіндегі оқушым бар ынтасымен қосылды. Өз басым сол оқушымның өзін сенімді ұстағанына қатты қуандым. Алғашқы сабақта топта жұмыс жасау үшін оқушылардың топ ұстанымын алғашқыда топта, одан соң барлық топ мүшелерінің ойын жинақтаған кезде барлығы белсендiлiк таныта қоймады , себебi топ ұстанымын тек қазақша айтып қоймай оны орыс тiлiне аударуға тырысты. Бұл кезде сыныптың белсендi /дарынды/ оқушылары өздерiн көрсете бiлдi. Сабақта ынтымақтастық атмосферасын жақсы қалыптастыра отырып, топтың жұмысы тиімді болуы үшін топ мүшелері арасында жауапкершілікті бөлу орын алады. /Ресурс. 1-апта/ Алғашқы сабақта рольдерге бөлмей бір байқап көрдім. Сонда жұмыс шашыраңқы, ретсіз жүретінін байқадым. Кейінгі сабақтарда тиісті құралдар арқылы /микрофон-спикер, фотоаппарт-бақылаушы және т.б/ рольге бөліп отырдым. Бұл кезде оқушыларым көздерін жұмып құралдарды таңдағанда В және С деңгейіндегі оқушыларым микрофон мен фотоаппартқа ұмтылды. Неліктен олай істеді? Менің ойымша, олар топтың жұмысын бақылап әрі ұйымдастырғысы келгендерін көрсететін сияқты. Тұсаукесер кезеңіне келетін болсам алғашқы сабақтарда тақырыпты ашу үшін әр түрлі түрткі сұрақтарды қойғанда оқушылар біраз ойланып барып жауаптарын айтатын. Кейін «Болжау» стратегиясын және визуалды айғақтардан кескін бойынша тақырыптың мазмұнын өздері оңай аша білді. Бұл жерде байқағаным: «Білім алудың дамуы барысында оқушыға жол көрсету біртіндеп азайтылуы қажет, себебі оқу үдерісін дамыту арқылы оның мәні де айқындала бастайды: білім алу тәуелсіз сипат алып, өздігінен реттелетін болады» /Perry et al, 2002/ Сабақ барысында үй тапсырмасын сұрау – оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулі арқылы оның ішінде диалог арқылы жүзеге асырылды. Осыған орай әр сабақта оқушылар бір-біріне сұрақ қоюға машықтанды. Қате жауаптар болып жатса өздері жауабын дәлелдеуді үйренді. Мысалы: «Шабандоз мен ат» әдісі бойынша оқушылар бір-бірімен еркін байланыста болғанын байқадым. Топпен жұмыс кезінде ережеге бағына отырып оқушыларымның бір - бірін тыңдап жұмыс жасай бастағанын сезіндім. Олар өздерін еркін ұстап ойларын ашық айта бастады. Топтық жұмыс жасау кезінде мені бір қуантқан көрініс бұрынғы дәстүрлі сабақ барысындағы белсенділігі төмен үнсіз оқушыларым Т мен А іс–әрекетке тартылып, сыныптастарымен тығыз қарым-қатынасқа түсіп ұмтылды. Осы оқушылардың топ ішінде өздерінің үлес қосуға жарамды екендерін сезіп, көмек көрсетуге қабілетті екендеріне көз жетті, яғни олар Мерсер айтқандай «тең құқылы серіктестер бола алатынын» көрсетті. Әр топ ынтымақтаса отырып жұмыс жасап өз тапсырмаларын жақсы орындап шықты. «Бірлесіп отырып жұмыс жасаған жақсы екен» - деп үзілісте маған жақындап өз ойларын білдіріп жатты. Сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру мақсатында жүргізілген сергіту сәттері /«Қызықты смайликтер»/ кезінде бұрын өзімен-өзі жүретін С деңгейіндегі оқушым басқа сыныптастарына қарағанда қимыл-қозғалысты дұрыс қайталап, бәрінен биікке секіріп ерекше қуанды. Сабақтың негізгі бөлімінде әр оқушы диалог барысында жаңа ақпарат айтуға тырысты. Сонымен қоса сабақта оқушылардың еркін сөйлесуіне, өз ойларын жүйелі жеткізуне әрі сыни тұрғыдын ойлай білуге бағыт беруші болдым. Бұл топ мүшелерімен ақылдасып, пікір алмасып, үнсіз оқушылардың өз ойын айта алуына көп әсерін тигізді. Жұмыс барысында А,В, С деңгейлі оқушыға көп көңіл бөлдім. А деңгейлі оқушым тапсырманы шапшан орындап, «Тұрлаусыз сөйлем мүшелерінің маңызы» туралы өз ой толғанысын жеткізіп, шығармашылық қабілетінің кең өрісті екенін байқатты. В деңгейлі оқушым тапсырманы толық орындамады, өйткені логикалық және ойлау жүйесі А деңгейінің оқушысы сияқты шапшаң болмады, сондықтан болашақта ол оқушыға шығармашылық қабілетін дамуына арналған тапсырмалар дайындауым қажет. В деңгейлі оқушым тапсырманы орындау барысында қателіктер жібергенін байқап, жанындағы достарымен бірлесіп орындауға кеңес бердім. Топтық жұмысты қорғау барысында оны сөйлетіп, пікірін айтуға мүмкіндік беріп отырдым. Жаңа сөздерді жатқа айту кезінде де ол белсенділік танытты, қолын көтеріп жатқа айтып бере алатын болды. Жазбаша тапсырмаларды қатесіз орындап, өз бетінше жұмыс істеу мүмкіндігі болды. Топтық жұмыс барысында байқағаным, оқушының ынтасы артты, жиі қолын көтерді, жазба тапсырмаларын орындап , тексеріп беріңіз деп алдыма келіп тұрды. Зерттеу барысында анықтағаным: В деңгейлі оқушым терең ойламағандықтан, берілген тапсырманы ойланбай орындайды, нәтижесінде орта баға алады екен. Егер де ойланып, салыстырып, ізденіп отырса жақсы үлгерім көрсетер еді. Жаңа сөздерді меңгертудегі танымдық тапсырмаларды орындауда В мен С деңгейдегі оқушының есте сақтау белсенділігі артты. Олардың ойлау қабілеттері артып, сыныпта бірінші болып орындап, дұрыс талдай бастады. Оқушыларым мәселені талдап, релевантты ақпаратты жинап салыстыруды үйренді. Егер оқушы мен мұғалімде сыни тұрғыдан ойлау тысқары қалып отырса, онда жалпы оқытуда үлкен қиындықтардың туындауына себепші болады. Сын тұрғысынан ойлау бақылау, тәжірибе толғану және пайымдау нәтижесінде алынған ақпаратты ұғыну, бағалау, талдау және синтездеуде қолданылатын әдіс болып табылады, сонымен қатар ол әрекет жасауға негіз, түрткі болуы да мүмкін. (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 46 бет) Әр топ ынтымақтаса отырып жұмыс жасап өз тапсырмаларын нәтижелі орындап отырды. «Бірлесіп отырып жұмыс жасаған кезде ешқандай қиындық болмайды екен» деп В деңгейлі оқушым ойын айтты. Мысалы: әрқашан үндемей жүретін Т атты /С деңгейлі оқушым/ оқушым ашылып, ойын еркiн айта алатындығын байқадым. Бұл мен үшiн жаңалық болды. Курсқа келмегенге дейін өзімнің тәжірибемде қолданған бағалау түрінің оқушылар үшін тиімділігінің толық еместігін түсіндім. Нақты қарастыратын болсам, бағалауды тек оқушылардың сабақты қаншалықты меңгергенін ескеріп қана қоюшы едім. Дәстүрлі сабақ беруде мен тек өзім ғана сабақ соңында оқушыларды бағалап жүрдім. Тапсырмаларды орындау барысында алашқы сабақтарда оқушылар өздеріне артық бағалар қойып алуда топ мүшелері арасында дау туындады. Бұл кедергілерді жою үшін мен критерийлер арқылы бағалауды басшылыққа алдым. Мысалы: сұрақтарға толық жауап беруі, мазмұнын толық аша отырып мазмұндауы, мысалдарды нақты келтіре білуі сияқты. Осы критерилерді негізге ала отырып жиынтық баға шығарған кезде оқушылар өздерінің қай жерде қателескендерін ұқты. Бұл жерде мен нақты критерийлер бойынша құрылған бағалау парақшаларын пайдалану тиімді екеніне көзім жетті әрі оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулі бойынша түсінгенім оқушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын сезіне алады екен. Курсқа қатысқаннан кейін өз тәсілімді өзгерте отырып, оқушыларды топта жұмыс жасау арқылы, сабақтың соңына дейін барлық қамтылған деңгейлерді орындауларына мүмкіндік туды. Әр түрлі деңгейдегі оқушылар бір – бірлеріне қол ұшын беруге, туындаған мәселені бірге шешуге талпынды. Мысалы: С деңгейлі оқушыма бұрын ешкім көмектескісі келмейтін, топта жұмыс жасау барысында ол өз тарапынан қызығушылық танытып алға қарай ұмтыла бастады. Сабақ соңында "Чемодан.Себет.Ет тартқыш" кері байланыс тақтасына жазған ойларын оқысам: «Сабақ осындай қызықты болып өтсінші», «Топта талқылағанда жақсы түсінеді екенмін» деп ұсыныстарын білдіріп жатты. Сабақ соңында рефлексия жасаған кезде оқушылардың барлығы дерлік қорытынды жасауға ұмтылды. С деңгейлі оқушым: «Орыс тілі сабағы енді әрқашан осылай өте ме? деп сұрақ қойды.» Мен оған «Ал өзің қалай ойлайсың, осы өткізген сабақтардың бұрынға сабақтардан өзгешелігі қандай?» деп сұрақ қойдым. Оның жауабы мынадай болды: «Бұрын мен сабаққа дайындалсам да, сыныпта айта алмай қалатынмын. Өйткені шатасып, қате болатын шығар деп қорқатынмын. Ал қазір сыныптастарым мен жауап беріп жатқанда бұрылып тұрып тыңдайды. Менің де жақсы оқуға шамам келеді екен ғой". Мен оған «Әрине, мен сен үшін қуаныштымын. Енді әрқашан осылай болады» деп жауап бердім. Егер оқушы өтіліп жатқан тақырып туралы еш ойламаса, не жайлы екендігі туралы сезінбесе, онда одан еш нәтиже күтпейсің. Нәтижесін бермегеннен кейін оған оқытуды бағалап, төмен баға қойып, оның одан әрі қарай білім алуына шектеу жасап қоясың. Тізбектелген сабақтар топтамасын өткізгеннен кейін оқушылармен сабақ жайлы пікірлесіп интервью алдым. Олардың сөздерінен сабаққа деген қызығушылықты байқадым. Солардың бір-екеуінен үзінді келтіруді жөн санадым: -«Сіз бұрынғыдай өзіңіз ғана сабақты түсіндірген жоқсыз, топтық жұмыс біз-біріміздің ойын тыңдап білдік. Бір-бірімізді үйреттік, әр түрлі тапсырмалар орындап отырып, тақырыпты өзіміз тез түсінгенімізге қуандық», «Әдетте сабақты Сіз ғана түсіндіргенде, біреу тыңдаса, біреу тыңдамай сабақ қызықсыз өтетін. Ал бұл сабақтарда бәрі өзгеше болды. Мұнда маған ұнағаны сені топ мүшесі, жаныңдағы құрбың, өзіңді-өзің бағалайсың. Маған әсіресе қиын соққаны- өзін-өзі бағалау, «Маған сабақтағы неге? , сен қалай ойлайсың?, деген сұрақтар ұнады. Себебі мен осындай сұрақтардан кейін басқаша ойлана бастадым», ал біреуі біздің Т. /ол менің С деңгейлі оқушым/ тіпті таң қалдырды. Ол да дұрыс жауаптар айта білді ғой. Енді ол оқу екпіндісі болуға шамасы бар ғой» деп маған қарсы сұрақ қойды. Интервью алып болған соң өзім ойланып қалдым. Осы бағытымда жеті модульды ықпалдастыруды тек сабақ шеңберінде ғана жүзеге асырамын ба, әлде сыныптан тыс пайдасы да болар ма деп өзіме сұрақ қойдым. Жауап іздесем, менің пайымдауымша іс-тәжірибемдегі өзгерістер сабақтан тыс іс-шараларда, пән олимпиадалары мен ғылыми жоба сайыстарында оқушыларды бағыттап, көмек беріп даамытуға ықпал жасасам бұл іс-әрекетім де жемісін береді деп ойлаймын. Оқытудағы жаңа тәсілдерді үйренуге құлшыныс танытқан әріптестеріме әрқашан көмектесуге дайынмын. Мен жаңа әдістерді пайдалана отырып, болашақта әр сабағымды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуына бағыттап түрлендіріп өткіуге тырысамын. Қорыта келе оқушыға бағыт – бағдар беріп, кез ˗ келген іске жауапкершілікпен қарап, жеті модульді әр сабағымда тиімді қолданғанда ғана, алдыма қойған мақсатымның нәтижесін көретінім анық. Мен әр сабағымда оқушылар нені білгісі керек екендігін ұғынатын, берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтын, өз пікірін еркін жеткізетін, өз ұсынысын айтатын, басқа оқушылардың пікірлерін тыңдайтын, қандай да болмасын мәселе туралы ойлай алатын, өзін ˗ өзі және өзге оқушыларды бағалайтын болады. Ойымды нақтылай келе айтарым, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың : «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», - деген сөзі мен сияқты ізденімпаз, жаңаша көзқарасты ұстаздарға арналғандай. Оқушы тұлғасының дамуына, қабілеттерінің артуына менің курстан алған әсерім жақсы ықпал ететіні сөзсіз. Мен оқушыларыма үйрете жүріп, өзім де үйренемін деп білемін. |
Пайдаланған әдeбиeттep:
1.«Мұғалімге арналған нұсқаулық» үшінші (базалық) деңгей
«Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2013
- 1-«Бетпе-бет» кезеңінің тapaтпa мaтepиaлдapы, Қарағанды, 2015