Әлемде әрбір ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы діни құндылықтармен астасып жатады. Бұл қазақ қоғамындағы ислами құндылықтармен байланысты. Исламның келуі он бес ғасыр бойы әлемнің, миллиардтаған адамдарының, әртүрлі этникалық қауымдастықтың, оның ішінде қазақ этносының да тұрмыс пен салт, дүниетанымына әсер еткен күрделі тарихи құбылыс. Тарихи деректерді сараптай отыра, исламдану үдерісінің ортағасырлық Қазақстанда сонау VIII ғасырдан бастау алып, Х-ХІІ ғасырларда шарықтау кезеңінен өткені, одан кейін екінші діни-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның далалық аймақтарында толық және біржолата ислам үстемдік құрып, осы негіздер болашақта сақталып отырғаны себебінен қазақ хандығы толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын көреміз және бұл үрдіс сол кезеңдегі ауыз әдебиетінде көрініс тапқан.
Қазақстандағы қазіргі діни ахуалды тұрақты деп бағалауға толық негіз бар десек, онда бұл нәтижеге ең алдымен діни қатынастарды нормативтік құқықтық тұрғыдан ретке келтіріп, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі тұғырларын айқындай отырып, ақпараттық-ағарту шараларын белсенді түрде жүргізу нәтижесінде қол жеткізілетіні айқын.
Қазіргі таңда діни ахуал жағдайы күн тәртібінен ұдайы түспейтін, өзекті тақырып болып отыр. Мемлекет дамуының идеологиялық негізі болып табылатын зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Сондықтан оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді. Осыдан туындайтын дін саласындағы ақпараттық-ағарту жұмыстарының басты мақсаты – қоғам мүшелеріне зайырлылық және дін мәселелері жөнінде сараланған, дұрыс, жүйелі, негізді көзқарастар қалыптастыру болуы тиіс. Дұрыс ақпаратпен қаруланған қоғам жүрер жолынан адаспайды, өмірлік бағыт-бағдарын өзі таңдайды.
Зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі. Гуманистік құндылықтар, ар-ұждан бостандығы, дүниетанымдық еркіндік, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігі – осының бәрі «зайырлылық» ұғымының аясына кіреді. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Сондықтан зайырлылық тұрғысынан алғанда дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.
Зайырлы және діни құндылықтардың тоғысар тұсы – Елбасы Жолдауында келтірілген «жоғары руханият» түсінігі. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Діндегі адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Сондықтан дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың өзекті бағыттарының бірі – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту шараларын жүргізу болып табылады.
Біздің қазақстандық қоғамның жағдайында қазір дін және дәстүр сұхбаты маңызды орын алады. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.
Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі діни құндылықтар жүйесі бар. Діни құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Діни құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады. Діни құндылықтың мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.
Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.
№46 ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі Жайланов А.С.