Жас жеткіншектер имани тәрбиеге мұқтаж келеді Сәбилік шақтан өткен, бірақ ересектікке әлі жетпеген 11-15 жас аралығындағы балаларды психологияда жеткіншек жас кезеңіндегілер деп атайды. Бұл жас кезеңі «өтпелі кезең», «қиын жас», «проблемалы» т.б. көптеген қосымша белгілерге бай. Оның барлығы осы жас кезеңінде жүретін психофизиологиялық процестермен байланысты. Бұл жас аралығында бала ағзасы дамуының бір сатысынан екінші сатысына өтіп, ал әлеуметтік статусы бойынша олар әлі балалық шақта жүрген кезең. Психологияда мұндай құбылыс даму дағдарысы деп аталады. Жеткіншек жастағы оқушылардың арасында мінез-құлқында қиындықтары бар оқушылар көптеп кездесіп жүр. Мектеп тәжірибесінде мұндай оқушыларды «мінез-құлқында ауытқулары бар оқушылар», «қиын тәрбиеленуші», «қиын балалар» деп атайды.
«Мұндай оқушыларға қандай балаларды жатқызамыз?» деген сұрақ туындайды. Білім деңгейі төмен, тәртібі нашар, сабақтан көп қалатын, мұғалім талабын орындамайтын, адамгершілік деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, сынып мәселелері қызықтырмайтын, ал кейде психикалық дамуы, ойлау қабілеті кейін қалған, ашуланшақ (әр түрлі жүйке ауруларына шалдыққан, тәрбиеге әрең көнетін) оқушыларды қиын балалар қатарына жатқызуға болады . Жүйке аурулары (невроз) отбасындағы және басқа да әр түрлі қиын жағдайлардың салдарынан болуы мүмкін. Мәселен, кей оқушылар ата-ана тарапынан ешқандай жүрек жылуын көрмей өсіп, осыған мектептегі өз сыныбындағы оқушылардың, мұғалімдердің кері көзқарасы қосылып, ұзаққа созылған қайғыру, ренжулер болса, осындай жағдайлар ауруларына шалдықтырып, баланы ашуланшақ, ызалы қалыпқа түсіреді.
Ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылылық сезінбеген оқушы өмірде өзін ешкімге қажетсізбін деп есептеп, уайымға шалдығады, кей оқушылардың ұйқысы бұзылып, түнде қорқынышты түстер көріп, иммунитеті төмендейді . Мінез-қүлқында қиыншылығы бар оқушыларды әдетте екі топқа бөліп қарастырады: біріншісі – тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар; екіншісі - отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы кері факторлардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалыптаспаған оқушылар.
Қиын оқушылардың өскен ортасын, яғни отбасының жай-күйін талдағанда, кейде отбасының өзі бала тәрбиесіне кері әсер беретіні анықталып отыр. Тағы да бір қолайсыз жағдай: бала тәрбиесіне ата- аналардың әртүрлі көзқарасы немесе біреуінің бала тәрбиесінен шет қалуы, яғни, баланың толық емес отбасында тәрбиеленуі. Ата-анасының мейірімін көрмеген бала көбінесе мейірімсіз, ызалы, құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды, кейде тұйық, шектен тыс мейірімінде өскен бала өзімшіл, нәзік, тым төзімсіз, екі жүзді болуы мүмкін, яғни отбасы тәрбиесі адам өмірінде өте маңызды. Жеткіншек жастағы оқушылардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себептерін психологтар отбасында дұрыс тәрбие бермеудің салдарынан болады деседі.Мінез-құлқында ауытқушылық байқалатын балаларды және де қоғамда қалыптасқан нормалар мен ережелерді сақтамауды ғылымда девиация (латынның «deviatio» тыңдамау, ауытқу деген мағынаны береді) деп атайды.
Девиантты мінез-құлық дегеніміз – әлеуметтік нормалар мен ережелерге сәйкес келмейтін мінез-құлық. Кей жағдайларда «асоциалдық» немесе «антидис-циплиналық» деп те аталып жатады.Девиантты мінез-құлық немесе мінез-құлық ауытқушылығының көрсеткіштеріне: агрессия, демонстрация, оқудан және еңбектен теріс бұрылу, үйден кету, алкоголизм, шылымқұмарлық, наркомания, қоғамға жат қылықтар, жыныстық жат мінез-құлық, суицид және т.б. жатады.Мінез-құлық ауытқушылығы мына факторларға байланысты туындайды деген тұжырым жасалды. Олар:Биологиялық факторлар – баланың әлеуметтік бейімделуіне кедерге келтіретін физиологиялық және анатомиялық жағымсыз ерекшеліктер (генетикалық факторлар, интеллектуалдық кемістіктер, психикалық ақаулар, психофизиологиялық және физиологиялық факторлар).Психологиялық факторлар – баладағы психопатологиялар мен мінездегі кейбір қасиеттердің басым болуы (жүйкелік-психикалық ауытқулар).Әлеуметтік-педагогикалық факторлар – мектептегі, отбасындағы, қоғамдағы тәрбие үрдісінің кемшіліктері мен әлеуметтік назардан тыс қалу нәтижесі (оқудағы декомпенсация, дезадаптация, әлеуметтік бейімсіздік, криминалдылық). Әлеуметтік-экономикалық факторлар – баланың өз отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайына қанағаттанбауы (кедейлік, жұмыссыздық, инфляция, әлеуметтік кернеу).
Моральды-этикалық фактор-лар – адамгершілік-рухани құндылықтардың төмендеуі.Осылардың ішінен отбасы жағдайына қатысты қысқаша бірер көрсеткіштермен танысалық. «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының" мәліметінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жыл сайын 400-ге жуық әйел ажал құшады екен. Дегенмен Бас прокуратураның 2016 жыл бойынша мәліметіне қарасақ, 36 әйел мерт болған. Тағы бір құқыққорғаушылардың деректеріне қарағанда, былтыр қыз-келіншектерге қатысты 91 631 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 71 965 ауырлығы орташа қылмыс болса, 4 131-і ауыр қылмыстар санатында. Ал, 420-сы аса ауыр қылмыс.
Екіншіден,жылдан жылға ажырасу жағдайы көбейіп, толыққанды отбасы саны азаюда екен. 2005 жылы ажырасқан отбасы саны 35 834 болса, 2015 жылы 53 293-ке жеткен. Заңды некеде тұрмайтындардың саны артуда. Бұл өткен жылға қарағанда 6,6 пайызға өскен. Некесіз бала табу көрсеткіші өскен. Көп балалы отбасылардың жағдайы әлі де мәз емес.Қазақстанда отбасының саны 3,5млн.Оның 240 мыңының бала саны 4 және онан көп.
Азаматтық некедегі және ажырасқан отбасы санын дәл анықтау мүмкін емес көрінеді,тек жобамен айтсақ барлық отбасының бестен біріне тең деседі. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің өткен жыл соңындағы мәліметіне сүйенсек .2017 жылдың басында халық саны 17 917 915 адамды құраған. Ал ағымдағы сәтте 18 146 778 адамға жеткен. Оның ішінде ер адамдардың саны 8 785 273-ті құраса, әйелдер 9 361 505-ке жетіп отыр.Бүгінгі таңда халықтың 15 жасқа дейінгі саны 21,6 %-ды құраса, 15 жастан 65 жасқа дейінгі халық саны – 71%-ға тең. Ал 65 жастан асқан адамдар саны 7,4 %-ды құрап отыр.15 жастан кіші адамдар саны 3 890 984-ті құраса , оның ішінде ұлдар– 1 987 807, ал қыздар– 1 903 177. Ал 15 жастан 65 жасқа дейінгі (14 жастан асқан және 65 жасқа толмаған) халық саны – 12 890 235 болса, оның ішінде ер адамдар – 6 246 903 болса, әйелдер – 6 573 332. Ал 64 жастан асқан ер адамдар саны – 456 532, әйелдер саны 876 974.Ал Қазақстандағы ер адамдар мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына келер болсақ, ер адамдар 63,2 жас, ал әйелдердің 74,1 жыл өмір сүруі күтіледі екен.Бұл деректер девиантты мінез-құлықты жеткіншектердің тууына себепкер,отбасының ахуалы қаншалықты екенін аңғаруға мүмкіндік береді.Әлеуметтік-экономикалық деңгейдің де тым мақтаналарлық дәрежеде еместігі баршаға аян.Сондай-ақ,әлеуметтік –педагогикалық фақтор да қаншама аз болғанымен бар екенін аңғартумен келеді.
Түптеп келгенде, қоғам мұғалімге ерекше жауапкершілік жүктейді. Мұғалім тәрбиесіне ең көнгіш кезіндегі адам сеніп тапсырылады. Мұғалім баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады, яғни оның қолында адамның өмірлік тағдыры тұр. Кезінде көне грек философы Платон былай деген екен : «Егер кебіс тігуші олақ болса, мемлекет бұдан көп зардап шеге қоймайды – бар болғаны азаматтар біршама нашар киінер, ал егер ұстаз өз міндетін нашар орындаса, онда елде надандар мен бұзақылар көбейіп кетеді». Д. Луначарскийдің сөзі де осы ойға үндес: «Егер алтын ісінің шебері алтынды бүлдірсе, онда алтынды қайта құюға болады. Егер бағалы тас бүлінсе, онда ол жарамсыз болып табылады, алайда ең бағалы деген гауһар тастың өзі, жаңа туған адамнан қымбат емес. Адамның бұзылуы – не үлкен қылмыс, немесе орны толмас өкінішке айналады. Сондықтан бүл материалмен мүлтіксіз, одан не жасай алатыныңды күні бұрын біле отырып жұмыс істеу қажет» – деген.Ал,педаогика классигі-К.Д. Ушинский: «Тәрбие халықтық ілтипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» - дейді.
Ол: «Діннің қажеттілігін, яғни, адамның ішкі дүниесіне үңіле алмайтын, имансыз адамға бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болмайды»,- деген екен. Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі, оны қоршаған ортаға, әсіресе, отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байлынысты. Педагогикалық этиканы сақтай отырып, баламен сөйлесу, оған жылы қабақ таныту, қолдау, оның көңіл – күйінің бұзылу себептерін анықтауға мүмкіндік береді. Баланың қиналып жүрген сәтінде көңіліне дамеу болар, ақыл – кеңес берер досы, ұстазы, ата – анасы болса, оның өз өміріне қасақана қол сұғуы,қылмысқа ұрынуы,тентіреп кетуі, басқаның жетегіне еріп,өзгенің қол жаулығына айналып кетпес еді. Абай атамыздың «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі-ұстазынан, үшіншісі-құрбысынан. Солардың ішінде, бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады» деген дана сөзі бар.Үйден кеткен бала кімді жақсы көргетіні белгілі ғой!Үйінен кетіп,мектепті тастайтындар да баршылық Мұндайда қолдау мен қорғау болмаған жағдайда «қиын балалар»өмірден түңіліп,өлімге де барады.Баланы тәрбиелеудің, тағылым берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Кез келген жеткіншек ата-ана махаббатына қашан да шөлдеп, шөліркеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі, есейеді, дұрыс жолға түседі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді, әрдайым іздеп тұрады. Оны ренжіткісі келмей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін айтқандарын екі етпей орындауға тырысады. Тіпті, өзі жақсы көрген кісіге еліктеп, ұқсағысы келеді. Ендеше, сүйіспеншілік -бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.Баланы әуелі тыңдай білген жөн.
Ашылып әңгіме айтқан бала өзінің ішкі дүниесін де ақтарып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді, десе де әр бала ақылды. Олар балалықпен ғана қате жасайды. Ал, үлкендер болса, олардан есейген жанның ісін күтеді. Қателікке бой алдырса, дереу таяқтап, ұрсып, жазғыра жөнеледі. Содан кейін де жасөспірім «үлкендер маған жамандық жасады, ата-анам мені жақсы көрмейді» деген ойға қалуы бек мүмкін. Сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен, оған ұрысу, жазалау, қол жұмсау – дұрыс емес, онда ересектердің үлкен қателігі орын алады. Орта Азия елдері арасында Қазақстан өз-өзіне қол жұмсаудан І орын, ТМД көлемінде Ресейден кейінгі ІІ орынды иеленді. Яғни, әр 100 мың қазақстандыққа шаққанда 20,7 адамнан келеді. Бұл көрсеткіш 1989 жылмен саластырғанда үш-төрт есеге есті.
Бұл мәліметтерді БҰҰ жанындағы Балалар қоры (ЮНИСЕФ) таратты.Зерттеулерге сүйенсек, өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасының 41% жұмбақ жағдайда, 18% жан күйзелісінің салдарынан, сондай-ақ 19% кесімді жазадан қорыққаннан, 18% отбасындағы жағдайлардан, 6% махаббат «ауруының» салдарынан болған.Осы халге жетпес бұрын,жасөспірім өзін-өзі іштей жеп,үгітіліп босап,торығып түңіледі,жадап жүдейді,зорығып шаршайды,ашығып ариды,көмек іздеп көп жерге,адамға барады.Тіл табысып,көмек қолын созғандардың арқасында,сәті түсіп,оң жолға бұрылып, азаптан,ауыруынан айығып кетедіДәл,осы кезеңде ондай жас өспірімдердің баратын бір орыны -мешіт болып тұр.
Мешітке келген әрбір жаспен,жекелей сырласып,көңіліне үңіліп,көкейдегі ойын тыңдауды мақсат ете алмайтынымыз,өкінішті-ақ.Ол,бүгін жұма намазына жәй ел қатарлы келген жоқ.Ол садақа салып,өткен марқұмдарға кұран бағыштату үшін ғана келген жоқ!Әр жасқа,осылай ойлап,оларды бауырыңа тартып,сыр бөлісу біздің парызымыз,борышымыз.Біз,10 жыл ішінде аз болса да (53) жас жеткіншектермен сыр-сұхбат құрып,бірлесіп жұмыстап,мынандай қорытындыға келдік:-Жас жеткіншектер имани тәрбиеге мұқтаж екен!Оларды қандай бір адасудан,ауытқудан арашалап қалатын рухани күш-имани тәрбие ғана Бауыржан Әленұлы(Чернорецк ауыл мешіт имамы) Өрік Қобдабайқызы (Чернорецк ауыл мектебі,бастауыш сынып мұғалімі) 21 қаңтар 2018