Отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі – бала. Қазақ халқының «Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар», «Бала – адамның бауыр еті» - деуі баланы бақыт санағандық. Осынау фәлсапалық мәнді қағидаға ой жіберсек, баласыз өмірдің қараң, қызығы шамалы екенін түсіну қиын емес. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы болып табылады. Ата-ананың қанша баласы болса, әр бала ата-анаға өзінше қымбат. Үлкен ұрпақтың тәжірибесі, өмірдегі беделі, ақыл-кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі – үлкен тәрбие мектебі. Бала дүниеге келген күннен бастап ата-ананың ықпалында болып, өмірге бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. Олай болса, отбасы – тәрбиенің қайнар көзі, негізгі ұясы болып табылады.
ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты Білік» еңбегінде айтқандай:
Ақ сүтпен бірге сіңген жаңалық,
Айнымайды еш алғанша ажал қапсырып.
Ет сүйекпен бірге біткен қылығың,
Өзгермейді салғанша ажал құрығын.
және де
«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан, ұядан –
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан.
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы-жаман болса, бала-солардан».
Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сіңімді және негізді.
Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Орыстың ұлы педагогы П.П.Блонский «Ата-ананы тәрбиелемей тұрып, баланы тәрбиелеу қиын»- дейді. Ата-аналар өнегелі сөзімен, жеке басының тәрбиесімен балаларына ақылдылықты, адалдықты, қарапайым кішіпейілділікті, инабаттылықты, шыншылдықты үйретеді. Адам болатын бала барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез әрекеттерден аулақ болып, өзінің ата-анасына ұқсаған әрбір іс-әрекетінен үлкенге құрмет, кішіге ізет байқалып тұруы керек.
Кейбір ата-аналар баланы материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп күні бойы маңдай терін төгіп, жұмыс істеп, балаларының ешкімнен кем болмағанын қалайды. Алайда, қараусыз қалған балалардың елігуі тез және жаман қылықтарға да бейім келеді. Ал баласының бос уақытында не істеп жүргенін, қайда барып, немен шұғылданып жүргенін білмейтін ата-аналардың көптігі қаншама. Отбасы тәрбиесін дұрыс жолға салсақ, халқымыздың бүгінгі ұрпағынан қанішер қарақшылар, баукеспе ұрылар, жезөкшелер, нашақорлар, тастанды балалар, ұл-қызы бола тұра панасыздарға айналған қарттар болмас еді. Егер тәрбиесіздіктің ұрығы осылайша көктеп, тамыр жайса, одан жеке адам да, ұжым да, қоғам да, мемлекет, ел де қатты зардап шегеді. Сондықтан да баланың бүгінгі іс-әрекетіне, тәртібіне бүгін назар аудармасақ, ертең кеш болады. Олай болса, әрбір ата-ана бір сәт баласына сөйлесуге уақыт бөліп, олардың пікірлерін тыңдауға, сұрақтарына дұрыс жауап беруге, орынды тілектері болса қанағаттандыруға міндетті. Егер ата-ана баласына уақыт табатын болса, балалары оларды ақылшымыз, сырласымыз деп санайды. Қалаған мәселе бойынша олар ата-анасын іздейді, не нәрсеге де олармен ойласатын болады.
Өкінішке орай, көптеген ата-ана өз балаларына назар салып, олардың ішкі жан-дүниесін біле бермейді. Сөйтіп мінез-құлқын тәрбиелеуде уақыт өткізіп алады. Ал өсіп келе жатқан жас ұрпақтан сыпайылық, мейірімділік танытпай қатігездігі байқалып жатса «Мынау менің балам ба, бұл қылықты мен үйреткен емеспін» деп таң қалып жатады. «Не ексең, соны орасың» деп ата-бабамыз тегін айтпаған, сондықтан да балаға материалдық қажеттіліктен гөрі рухани қажеттілік аса қажет деп ойлаймын.
Отбасы - ең үлкен, мықты тәрбие ошағы.Себебі, келешек әулеттің барыстары сонда тәрбиеленеді. Баланың келешекте қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім тәрбиесі мен қарым-қатынасқа байланысты. Денсаулығы мықты, білімді де жігерлі, жалқаулыққа бой алдырмайтын, кез-келген қиындықтарға бейімделе білуге қабілетті және жаңа асулар мен шыңдарды бағындыратын, батылдығымен, айлакерлігімен дараланатын жас барысты заман ағымы мен уақыт талабына сай тәрбиелеуіміз қажет. Егер келешекте Қазақстанды алдыңғы ел қатарынан көргіміз келсе, балаларымыздың болашағын қамтамасыз еткіміз келсе, осыны ұмытпауымыз керек.
Қорытып айтқанда, «Еңбек етсе кімде-кім, алтын жеміс тереді» демекші, еңбегіміздің жемісі көңілдегідей болсын десек, отбасы тәрбиесін босаңсытып алмайық. Отбасындағы бала тәрбиесіне сергек қарауымыз қажет, ағайын!
Өмірге келгеннен соң адам болып,
Өмір сүр, итке ұқсамай надан болып.
Ұрпақ сүй, тәрбиеле азамат қыл,
Міндеті ата-ананың оны сен біл! –демекпін.
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы,
№132 қазақ орта мектебі
әлеуметтік-педагог
Абдреев Рүстем Қалыбекұлы