Quantcast
Channel: Баяндама - Қазақстан ұстаздарына арналған - Әдістемелік-ақпараттық сайт sabaqtar.kz
Viewing all articles
Browse latest Browse all 451

Психикалық дамуы тежелген балалардың ғылыми-теориялық және коррекциялық жұмыстарының ерекшеліктері

$
0
0

Баяндама тақырыбы:  Психикалық дамуы тежелген балалардың ғылыми-теориялық және коррекциялық жұмыстарының ерекшеліктері.

Мазмұны:

 

І.  Кіріспе:

  • ПДТ мектепке дейінгі балалардың дамуының теориялық негіздері.

ІІ. Негізгі бөлім:

 

2.1ПДТ балалардың танымдық процестерінің  ерекшеліктері.

2.2ПДТ балаларды Зерттеу жұмыстары:

2.3ПДТ балалардың іс-әрекет ерекшеліктері

2.4ПДТ балалармен коррекциялық жұмыстың принциптері мен міндеттері.

2.5ПДТ балалармен түзете-дамыту жұмыстары

 

ІІІ. Қорытынды:

 

 

І. Кіріспе

 

1.1  Психикалық дамуы тежелген мектепке депйінгі балалар дамуының теориялық негіздері.

 

Орта мектептің бағдарламасын игере алмайтын балалар арасында ПДТ балалар жиі кездеседі. Сондықтан да мектепке дейінгі ересек балалар арасында осы категорияға жататын балаларды дер кезінде анықтау және олардың психофизикалық ерекшелігін зерттеу өте маңызды саналады.

Қазіргі кезде ПДТ балалар мәселесі барынша кең зерттелген. Танымал дефектолог Т.А.Власова, В.И.Лубовский, У.В.Уленькова, К.С.Лебединский педагогика ғылымының аталған саласының дамуына үлкен үлес қосты және психикалық дамуы тежелген мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балалардың жалпы ерекшеліктерін айқындап берді.

Психикалық дамуы тежелген балалар мәселесін жан-жақты зерттеу ХХ ғасырдың 1960 жылдардан басталған. Осы жылдары енгізілген орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларының күрделенуіне алып келді, соның нәтижесінде көптеген балалардың сабақ үлгерімі төмендеді. Тіптен, кейбіреулері бағдарламаны игере алмады, білім сапасы күрт нашарлады. Осы кезеңде шет елдерде  де оқу үлгерімінің сапасы мен білім деңгейін көтеру бағытында ғылыми зерттеулер қалыптаса бастады. АҚШ, Англия, Германия сияқты дамыған мемлекеттерде сабақ үлгерімі төмен, оқуға ынтасы аз балаларды ғылыми психологиялық, педагогикалық тәсілдермен зерттеу арқылы «оқуға қабілеті төмен», «оқытуда қиындықтар кездеседі», «педагогикалық дұрыс тәрбие алмаған», «тәртібі бұзылған», «бейімделмеген», «миында болмашы зақымданулары бар» балалар деген топтар айқындала бастады. Мектеп жасындағы бұл балалардың бәріне тән кемістік – үлгермеушілік. Ал оның басты себебі – кіші мектеп жасында анық байқалатын психикалық әрекеттердің кейбір түрлерінің тежелуі немесе уақытша қалыптаспауы. Бұл ауытқу көбінесе 5-6 жастан 11-12 жас аралығында кездеседі. Оларды ақыл-ойы кемістігінің жеңіл түрлері бар балалардан ажырату үшін, Сухарева Г.С. «Психикалық дамуы тежелген балалар (ПДТБ)»  немесе «Психикалық дамуында кешеуілдеуі бар балалар» деген терминді енгізді. Бұл термин осы уақытқа дейін қолданылады.

ПДТ балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымдар ең алғаш рет У.В.Ульенкованың басшылығымен 1973 жылы Нижний Новгород қаласында ашылды.  Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған типтік бағдарламалар  1990 жылы ғана (26 қараша 1990 ж. 37-14/2) құжат түрінде шығарылды. Осы типтік бағдарлама негізінде ПДК балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымдарға (К.С. Лебединскаяның классификациясымен) қабылдау жүргізіледі. Топтарға ПМПК арқылы  10-12 баладан қабылданады. Балаға қойылатын диагноз бен қорытындыны анықтаудың қиындығы туындаған кезде бала бақылау тобына белгілі бір уақытқа жіберіледі.   Қорытынды комиссияның жұмысы хаттамаға тіркеледі.  Арнайы мекемеге қабылдаудағы ескерілетін жағдайлар ақыл-ой дамуының кешеуілдеуі, энурез, шизофрения, эпилепсия, есту, көру, тірек-қимылдағы ауытқулар байқалса, балалар аталған мекемеге қабылданбайды. 

Психикалық дамуының кешеуілдеуі – бұл психологиялық-педагогикалық ұғым. Көптеген авторлардың айтуынша, ол психикалық немесе психомоторлық функциялардың жеткілікті дамымауын және қандай да бір жағымсыз факторлардың әсерінен болатын ми жүйелерінің баяу жетілуін көрсетеді. Қазіргі мәліметтер бойынша, балалар популяциясында түрлі генезді психикалық дамуының тежелуі бар балалар саны 10-15% құрайды.

Психикалық даму тежелуі -  әртүрлі себептер нәтижесінде пайда болуы мүмкін: соматикалық ауру, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы нәтижесінде болады. Бұл ұғым психолого-педагогикалық түсінік болып табылады. Психикалық дамуы тежелген балаларды педагогикалық шектен шыққан балалардан ажырата білу керек, өйткені  екі жағдайда да  оқудың төмен деңгейі әртүрлі болып келеді. Психикалық дамудың тежелуі мидың органикалық зақымдануының (туғаннан бергі немесе кейін қалыптасқан жатырішілік, туу кезіндегі, сондай-ақ  өмірдің алғашқы кезеңдерінде) солғын көрінісіне байланысты пайда болады. Психикалық даму тежелуінің олигофрениядан яғни ақыл-ой кемістігінен айырмашылығы, патогендік факторлар балалар дамуы қарқынының бұзылуына әкеп соғады, бұл  ауру белгілерінің  қайтымдылығымен дәлелденеді. Бұл жерде  ауру белгілерінің толық қайтымдылығы түзету және емдік жұмыстары жүргізілгеннен кейін жүзеге асуы мүмкін.

ПДТ балаларды топтастыру мәсілесімен айналысқан ғалымдардың ішінен ең танымалдардың бірі - К.С.Лебединская, оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ПДТ-нің этиопатогенетикалық жүйесі ұсынылды. Психикалық дамуының тежелудің негізгі клиникалық типтері этиопатогенетикалық принциптер бойынша былай жіктеледі:

1) Конституционалды текті психикалық даму тежелуі тұқымқуалаушылық, яғни физиологиялық және психологиялық жағынан адам ағзасының даму сатысының баяу жүруі. Балалардың эмоционалды-еріс өрісі жасына сәйкес келмейді. Бұндай балалар ойынға құмарлық басым болады.

2) Соматогенді текті психикалық даму тежелуі себептеріне әртүрлі текті соматикалық жетіспеушілік жатады, сонымен бірге тұрақты астения, я болмаса түрлі жұқпалы аурулармен ауыру салдары. Мұндай балалар қорқақ, өзіне өзі сенімсіз, кез келген келеңсіз жағдай жүйесіне тез әсер ететіндіктен аурушаң, ашуланғыш, жылауық болып келеді.  

3) Психогенді текті психикалық даму тежелуі тәрбиенің қолайсыз жағдайларымен байланысты болады, бұл бала тұлғасының патологиялық дамуына әкеп соғады. Отбасында шектен тыс қаталдыққа, қысымшылыққа, дөрекілікке тап болып, таяқ жеп өскен бала жасқаншақ келеді. Психологиялық басты ерекшелігі маңайындағылармен қарым-қатынас барысында кез келген әрекетті теріс қабылдап, қорғануға бейім тұрады. өзінше қорғана жүріп, қарсылығын ашу шақыру, қырсығу, ызалану арқылы білдіреді. Мұндай балалар құрбы-құрдастарымен тіл табысып түсінісе алмай қатты қиналады.

4) Церебралды-органикалық типті психикалық даму тежелуіне баланың эмоционалды реңк өрісі және танымдық іс-әрекеті бұзылады. Тежелудің бұл түрі баланың құрсақта жатып даму кезеңінен бастау алуы мүмкін. Бұл кемшіліктер әйелдің жүктілік кезінде өз денсаулығын қадағаламауының, ағзасы арқылы сәбиінің бойына баратын дәрумендерді қажетті мөлшерде қабылдамауынан өз жұмысына жауапкершілікпен қарамауының салдарынан орын алатыны анық.     

Қазіргі таңда Елімізде психологиялық-педагогикалық және арнайы әдебиеттерде психикалық дамуындағы кешеуілдеуі бар балалардың психофизиологиялық даму ерекшеліктерін зерттеу мәселелерін кеңінен қарастыруда  Г.Е. Намазбаева, Л.О Сарсенбаева, М.Ш.Адилова ерекше айтып өткен жөн.

 

ІІ. Негізгі бөлім.

 

2.1. ПДТ балалардың танымдық процестерінің  ерекшеліктері.

 

 

Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырған У.В.Ульенкова. Ол мұндай балалардың жас шамасына байланысты мүмкіндіктері орындалмай қалатынын айтады. Барлық негізгі психикалық жаңа түзілімдері кешігумен қалыптасады және сапа жағынан ерекшеленеді.

Психикалық дамуының тежелген балаларға зейін алаңдығы тән, олар ұзақ уақыт бойы назар ұстап тұруға және оны бір әрекеттен екіншісіне көшуде тез ауыстыруға  қиналады. Олар үшiн жоғары алаңдатушылық тән, әсіресе, сөздiк қоздырғышқа. Іс-әрекеттің мақсаттылығы жеткiлiксiз, балалар импульстi қимылдайды, оңай алаңдап, тез шаршап қалады. Селқостықтың көріністерін де байқауға болады, мұндай жағдайда бала бiр тапсырмадан басқасына зорға ауысады. Сонымен бiрге оларда іс-әрекетті және мінез-құлықты ерік түрде  бағыттау  қабiлеттiлiгi жеткiлiксiз қалыптасқан, бұл оқу тапсырмаларын орындауды қиындатады. 

ПДТ балалардың есте сақтау ерекшеліктері зейін мен қабылдаудың  бұзылуына байланысты. Ерікті және еріксіз естің дамуында бірқатар кемшіліктер байқалады. ПДТ балалар көрнекі материалдарды есінде жақсы сақтайды.

В.Л. Подобедтің айтуынша, ПДТ балаларға есте сақтау көлемінің төмендігі және есте сақтаудың тұрақсыздығы тән. Есте сақталынған информацияның тез жойылуы және дұрыс сақталмауы байқалады. Елеулі өзгерістерге баланың вербалдық есте сақтауы ұшырайды. Оның бұзылу деңгейі психикалық дамуының тежелу түріне байланысты. 

ПДТ балалардың сенсорлы дамуы да сапалы өзiндiк ерекшелiкпен сипатталады. Балаларда  көру мен есту қабілеттері сақталған, бірақ  қабылдау процесінің ауытқушылығы байқалады: оның екпiнi баяу, көлемі аз және анықтығы жеткіліксіз. Л.И. Переслени жүргізілген  зерттеулердің нәтижелері бойынша, ПДТ балалардың уақыт бiрлiгiне қабылдайтын мәліметтердің көлемі аздау, яғни персептивті операциялардың орындау жылдамдылығы төмен. Заттардың қасиеттері мен сапаларын зерттеуге  бағытталған әрекеттері қиындатылған. Көрнекі-практикалық тапсырмаларды шешуде балалар алдын ала байқап, өлшеу жасап көруді көп талап етеді, затты толық жан-жақты  зерттеуге қиналады.

 

Психикалық дамуының тежелуі және ақыл-есі төмендікті ажырату кестесі:

 

 

Ақыл-есі төмен

 

 

Психикалық дамуы тежелуі

 

1. Бас миының жалпылай зақымдануы немесе бас миының жалпылай зақымдануымен қатар бөліктік зақымдануының қосылып кездесуі немесе зақымданудың бас ми қабаты астында орналасуы

1. Бас ми жалпылай зақымдалмайды. Бас миының жеңіл, орташа дәрежеде ошақты зақымдалуы  немесе орталық нерв жүйесі қызметінің бұзылуы

2. Баланың қозғалыс қабілеті дамуының тежелуі.  Баланың қозғалыс қабілеті дамуының тежелуі кезінде мынадай ауытқулар кездеседі (қозғалыс тепе-теңдігінің бұзылуы, саусақ бұлшық еттерінің дамымауы).

2. Қозғалыс қабілеті қалыпты дамиды немесе жеңіл түрде шектелуі мүмкін.

3. Жалпы таным қызметінің және ерік-жігердің жан-жақты дамымауы кезінде үнемі ойлау қабілетінің бұзылуы көп кездеседі. Соның ішінде жоғарғы түрлері (сөздік, логикалық, абстракты)

3. Әртүрлі деңгейде психикалық қабілеттерінің бұзылуы. Баланың  таным қызметінің және ерік-жігерінің әртүрлі жақтары бұзылуы кезеңінде бастапқы интеллект сақталған.

4. Таным қызығушылығы күрт төмендеуі немесе болмауы, таным қызметінің оқу және басқа түрінде жеке жұмыс жасауының және ынтасының болмауы.

4. Әртүрлі қызметтердің белгілі бір түріне таңдап қызығушылық пайда болады, жеке жұмыста ынтасын байқату (ойын, заттық практикалық, оқу қызметінің)

5. Механикалық есте сақтауы қалыпты. Ішкі логикалық байланысты еске сақтауы қиындайды. Мағынасын еске сақтауы жетілмеген.

5. Механикалық есте сақтауы төмендейді. Логикалық байланыс және жалпы мағынасын еске сақтау қабілеті қалыпты болғанымен, бір бөлігін нақты есіне түсіре алмайды, көбіне мағынасын есте сақтауы қалыпты.

6. Меңгерілген білімі практика тұрақты пайдаланбағандықтан тез жойылады. Механикалық есте сақтау негізінде қалыптасқан дағдылар салыстырмалы сақталуы мүмкін.

6. Білімі, ептілігінің сақталуы, қабылдау қабілеті дағдылары толығымен мөлшерге жақын, кейде сол және басқа мәліметтерді таңдап есте сақтауы бұзылуы мүмкін.

7. Көңіл-күйі болып жатқан жағдайда сәйкес емес, біртекті анық емес, аз ажыратылады.

7. Көңіл-күйі болып жатқан жағдайға сәйкес келеді, жарқын немесе төмен болуы мүмкін, анық, ажыратылған.

8. Жетістіктерінің нәтижесіне қызығушылығы төмен.

8. Өзінің жетістіктеріне көп көңіл аударады. Ісі дұрыс болмаса көңілі бұзалады.

9. Көрсетілген көмектік барлық түрі нәтижесіз. Қабылданған нәтижені қайталау кезінде дұрыс орындай алмайды немесе баяу орындайды, тез ұмытылады.

9. Көрсетілген көмектер нәтижелі. Көбіне берілген тапсырманы орындауда ұйымдастыру және бағытты көмек жеткілікті. Әртүрлі әдіспен меңгерілген тапсырманы қайталау кезінде есте сақтайды.

 

 

2.2. ПДТ балаларды Зерттеу жұмыстары:

 

Мектеп жасына дейінгі ПДТ балалардың өзіндік бақылау әрекеттерінің қалыптасуын, қалыпты дамудағы балалармен салыстыра зерттеп қарастыру негізінде төмендегі нәтижелерге қол жеткізілді.

  1. У.В.Ульенкованың «Тест тапсырмалары». Тест барысы: тест тапсырмаларының моделі ретінде топпен бірге орындалатын графикалық диктант беріледі. Балалар 15 минут ішінде, жай қарындашпен дәптер парағының бір жолына, таяқшалар мен сызықшалар салып шығады. Тапсырманы орындау барысында, келесі тәртіп сақталуы керек:
  • таяқшалар мен сызықшаларды, берілген үлгі бойынша белгілі бір ретпен жазу;
  • қызыл жиектен шығармай жазу;
  • белгілерді бір жолдан екінші жолға, дұрыс ретпен көшіру;
  • жолдардың бәріне бірдей емес, жол аралатып жазу;

Бғалау критерийлері ретінде, өзіндік бақылау әрекеттері қалыптасуының келесі белгілері пайдаланылады:

  • тапсырманы толық қабылдау деңгейі (толық, жартылай, мүлде қабылдамайды)
  • тапсырманы соңына дейін толық сақтау деңгейі (барлық компоненттерін, жартылай, толық жоғалту);
  • тапсырманы орындау барысындағы өзіндік бақылау сапасы (қателерін байқайды, түзетеді, түзетпейді);
  • іс-әрекет нәтижесін бағалау барысындағы, өзіндік бақылау сапасы (өз жұмыстарын тексеругетырысады және мұқият тексереді, үстірт шолумен шектеледі, мүлде тексермейді).
  1. ПДТ балалардың моторлы саласын зерттеуде Н.И.Озерцкийдің әдістемесі кең таралған. Ол М.О.Гуревичпен бірігіп жазған монографиясында /1930/ шәкіл аяқталған түрде тұжырымдалған және 4 жас пен 16 жас аралығындағы балалардың психомоторикасын зерттеуге арналған. Шәкіл сәйкесінше тесттің 13 жас ерекшелік қатарға бөлінген, олардың әрқайсысы психомоториканың әртүрлі компоненттерін: қол және дененің статикалық және динамикалық үйлесімділігін, қимылдардың жылдамдығын, бір мезгілдігін, айқындылығын зерттеуге мүмкіндік беретін 6 тесттен тұрады. Толық шәкіл күрделілігі мен құрылымы әртүрлі 78 тесттен тұрады.

Н.И.Озерцкийдің әдістемесін жекелеген шет ел зерттеушілері ұлттық денсаулық сақтау, білім беру және т.б. жүйелерінің ерекшеліктеріне сәйкес  бірнеше рет жаңартты. Қазіргі кезде шет елде америкалық В.Слоуэн мен неміс ғалымы Г.Гельництің модификациясы кеңінен таралған.

1955 жылы В.Слоуэн шәкілдің екінші редакциясын жасап, оны қалай пайдалану керектігі туралы нұсқаулық берді. Толық аяқталған нұсқа мынадай болды: «Н.И.Озерцкийдің қайта қаралған және жаңадан стандартталған, нұсқаулары жеңілдетілген және нәтижені бағалау әдістері жақсартылған тесттері».

І. Ауыз қуыс праксисі;

ІІ. Қол саусақтары мен білек  моторикасы;

ІІІ. Жалпы моторика.

 

2.3. ПДТ балалардың іс-әрекет ерекшеліктері

 

ПДТ баланың мектепке дейінгі жасында, яғни алғашқы 7 жылында, ересек адамдармен қарым-қатынас жасау түрлерінде, қажетті адамдардың қандай да бір даму кезеңіндегі тәжірибе жинақтауын қамтамасыз ететін, тұтас әрекеттер түрлерінде тежелу болады.

Бұл балалардың жетекші әрекеттерінің алмасуында тежелу байқалады. Бұл тежелу әсіресе, мектепке дейінгі жаста сюжеттік-рөлдік ойындар жетекші әрекет болып саналатын кезеңде, анық көрініс береді. Тежелу қаншалықты айқын болса, соншалықты ойынның барлық компоненттері зақымданады. Церебральді-органикалық генезде, психикалық дамуы тежелуінде жан-жақты ашылған, сюжеттік-рөлдік ойындар арнаулы үйретусіз қалыптаспайды. Балалар өздігінен рөлдерді бөлісе алмайды, ойын ережелерін сақтамайды.

Психикалық дамуы тежелген мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері  3 жасқа дейінгі уақытта байқалады. Олардың бойында байқалатын кемшіліктердің түрлері мыналар:

- кеңістікті бағдарлау қабілетінің төмендігі;

- ересектермен қарым-қатынасқа түсудегі эмоцияның әлсіздігі;

- сөйлеу тіліне дейінгі кезеңдердің кешеуілдеуі (уілдеу, былдырлау);

- моторика мен көру координациясының баяу дамуы.

 

 

 

2.4. ПДТ балалармен коррекциялық жұмыстың принциптері мен міндеттері.

 

Психикалық дамуы тежелген балаларды оқыту мен тәрбиелеудің коррекциялық бағыттары  арнаулы білім беру мекемелеріндегі диагностикалық, тәрбиелілік, коррекциялық-дамытушылық, сауықтыру және білім беру  міндеттері арқылы жүзеге асады.

Диагностикалық міндеттер балаға медициналық-психологиялық-педагогикалық зерттеу жүргізу мен жеке даму бағдарламасын құруда жетекші қызмет атқарады.

Тәрбиелілік міндеттер баланың әллеуметтенуін, ата-анасы мен қарым-қатынасын құру арқылы адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуді қамтиды.

Коррекциялық міндеттер бала психикасы мен әрекетін компенсациялау, кемшіліктерді түзету, танымдық қабілеттерді дамытады.

Сауықтыру бағытындағы жұмыстар бала денсаулығын жақсарту, емдеу, профилактикалау жұмыстары орындалады.

Білім берушілік міндеттер бала әрекетінің барлық түрлерін дамыту, мектепке оқуға дайындау, жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып оқыту мен тәрбиелеу арқылы шешіледі. 

         Күн сайынғы жүргізілетін сабақтарда сүйенетін принциптерге талдау жүргізе отырып, біз,  мынадай принциптерге сүйендік:

Жүйелілік және бірізділік принципі.

Бұл принцип келесі ғылыми тұжырымдарды негізге алады: қоршаған орта болмысының айқын бедерлері мида нақты бейнеленсе ғана, оқушы шынайы білім топтай алады; ғылыми білімдер жүйесін қалыптастырудың басты тәсілі - белгілі жолмен ұйымдастырылған оқу; ғылыми білімдер жүйесінің бірізділігі оқу материалының ішкі қисынымен және оқушылардың танымдық мүмкіндіктерімен байланысты; жеке элементтерден тұратын оқу үдерісінің тиімді әрі жоғары нәтижеге жетуі ол үдерісте орынсыз үзілістердің, ескерілмей қалған қажетті сәттердің болмауына және бірізділіктің қандай да себептермен бұзылмауына тәуелді. Егер дағдылар тиісті жаттығулармен жүйелі бекімесе, олар көп ұзамай жойылады; егер оқушылар қисынды ойлауға үйретілмесе, олар өздерінің ойлау іс-әрекетінде үлкен қиыншылықтарға кезігеді; егер оқу ісінде жүйелілік және бірізділік сақталмаса, оқушылардың даму үдерісі бәсеңдейді.

Жас ерекшеліктерін ескеру принципі.

Жас ерекшеліктерін ескеру  іргелі педагогикалық принциптердің бірі. Оны арқау ете отырып, мұғалімдер оқу жүктемесін ретке келтіреді, әрқилы еңбек түрлерінің көлеміне негіздеме береді, даму үшін қолайлы күн тәртібін, еңбекпен айналысу және демалу уақыттарын  белгілейді. Жас ерекшеліктері оқу пәндерінің және әр пәндегі оқу материалдарының іріктелуімен оқу бағдарламасында жайғасуына орай мәселелерді дұрыс шешуге міндеттейді. Оқу -  тәрбие қызметінің формалары мен әдістерін таңдауда осы принципке тәуелді.

Жеке ерекшеліктерін ескеру принципі.

Балалардың даралық ерекшеліктерін ескеру - өте маңызды, тартымды және қажетті болып келеді. Әр балада оны басқалардан ерекшелейтін даралық болады. Мұндай даралық оқушылардың түйсігінде, қабылдауында, ойлауында, есінде, қиялында, қызығуларында, икемділігінде, қабілеттерінде, темпераментінде, мінезінде көрінеді. Даралық ерекшеліктер тұлға дамуына ықпал жасайды. Бұл принцип әр баланы өзінің қабілетіне сай оқытуды көздейді.

 

2.5. ПДТ балалармен түзете-дамыту жұмыстары

 

        Күнделікті түзете-дамыту сабақтарында анималотерапияны негізге ала отырып, ПДТ балалардың сенсорлық және психомоторикалық дағдыларын қалыптастыру.

        Анималотерапия тарихы сонау ерте замандардан бастау алады. Анималотерапия жайлы заманауи түсініктің негізі жануарлардан бірдеңе шығатыны туралы мұрагерлікке берілетін тәжірбиеде жатыр. Зоопсихология анималотерапияның адам психологиясын зерттеудегі заңдылықтарындағы психологиялық әдістердің бірі болып табылады.

        Анималотерапия әдісінің міндеті-ересектермен балалардың тұлғалық және мінез құлқындағы қосымша мүмкіндіктерін ашу, әлеуметтік бейімделуді байытудағы бақылау арқылы, осындай механизмдерді оқыту мен жаттығу арқылы, айналамен ортадағы тепе-теңдікте әрекетте болу жануарлармен максималды түрде өмір заңдылықтарына бейімделуде жатыр.

         Басқа әдістер секілді анималотерапияныңда өзіндік кең тараған жануарлар бейнесі секілді құралдары бар. Олар: бейнелер, суреттер, ертегі кейіпкерлері, ойыншықтар мен қауіпсіз қатынасқа түсуге болатын тірі жануарлар. Анималотерапияда аттар, қояндар, мысықтар, иттер, торайлар және атжалман секілді «әлеуметтік» деп аталатын жануарларға басымдық беріледі. Үй жағдайында жануарлармен қарым-қатынас жасаудың сезінбеу немесе мақсатты бағыттаумен түсінудегі терапиялық мақсаты табиғи анималотерапия деп аталады. Коррекциялық танымдық әрекеттерді, сезімдік-тұлғалықтағы проблемалары түзету үшін  жануарларды және олардың бейнелерін  мақсатты бағыттауға арналған, арнайы дайындалған программа арқылы пайдалану процессі –бағытталған анималотерапия деп аталады.

        Анималотерапияның маңыздылығы оның таңбалы қылықтарының тәжірбиесін кеңейтуге болатындығы болып табылады. Балалардың жануарлармен байланысқа түсуі олардың аяушылық және бірге қайғыру, айналаның жағдайын түсіну сияқты т.б. эмпатиялық қасиеттері арқылы табысты қарым-қатынас жасауға үйренеді.

Тіпті қарапайым тірі жануарларға сырттай қараудың өзі пайдалы, олар босаңсытады, тыныштық орнатады тіпті көптеген эстетикалық күйзеліске түсіреді. Жануарларды жүріс-тұрыс, іс-әрекеттерін бақылау қуану, қайырымдылық, мұңаю, ренжу секілді сезімнің көптүрлігін кеңейтеді. Тіпті өштіктің өзі түсінікті болады. Сонымен қатар жануарларды бақылау балалардың интеллектуалдық мүмкіндерінің дамуын арттырады деп айтылады.

Көпғасырлық тәжірбиенің өзі тірі үй жануарларының өзімен ғана емес олардың бейнелері арқылы яғни, ойыншық бейнелері, суреттері және олар туралы әңгімелер арқылы емделуге болады деген теорияны қолдайды.

 

ПДТ балалардың зейін көлемін және шоғырлануын, саусақ ұштарының жұмыс жасаудағы ептілігін дамыту. ПДТ балаларда бақылампаздықты дамытуға арналған  ойын түрлері:

 

Автор:  Жанна Ибраимова

 

«Кімнің үйі?» ойыны:

Мақсаты: бақылампаздықты дамытады.

Керекті құрал-жабдықтар: адамдар мен үйлер салынған суреттер.

Сипаттама: Балаға қағаздың жан-жағына салынған адамдар мен үйлердің суреттері ұсынылады. Суретке мұқият қарап, үйдің қожайыны, яғни иесі кім екені табулары қажет.

Нұсқау: «Суретке мұқият қара. Онда ауыл бейнеленген. әр үйдің иесін тап. Өз таңдауыңды түсіндіріп бер».

 

«Моншақтарды тізбектеу» ойыны:

Мақсаты: зейіннің көлемін және шоғырлануын, саусақ ұштарының жұмыс жасаудағы ептілігін дамыту.

Керекті құрал жабдықтар: моншақтар, тізбектелген моншақтар, тапсырманы күрделірек ету үшін – ірі моншақтар.

Сипаттама: балаларға үлгі бойынша моншақ өткізу ұсынылады.

Нұсқау: «Суреттегі моншаққа қара. Мен саған моншақ пен жіп беремін. Суретте қалай көрінеді, дәл сондай етіп жіпке тізіп шығуың керек».

Ескерту: балаларға ірі моншақтармен жұмыс жасау қиынға соғады. Бірақ ірі моншақтарды қолдана отырып, ойынды күрделендіруге болады. Бұл балалардың моторикасын дамытуға мүмкіндік береді.

 

«Аралас орман» ойыны:

Мақсаты: бақылампаздықты дамытады, зейіннің бөлінуін қалыптастырады.

Керекті құрал-жабдықтар: ағаштардың жасырынған бейнесі салынған суреттер.

Сипаттама: балаларға ағаштардың жасырынған бейнесі салынған суреттер ұсынылады, олардың арасынан терек, қайың, шыршаны іздеп тауып беру керек.

Нұсқау: мына суреттерде ағаштардын бейнелері жасырынған. Шырша, терек, қайыңды тауып бер! Қалай тез табуға болады?

 

 

Психикалық дамуы тежелген балалардың сенсорлық процестері мен сауаттылығын арттыруға арналған әдіс-тәсілдер.

 

Автор: Пірназарова А.

 

         «Үстінде», «астында», «жанында», «оң жағында», «сол жағында» түсініктерін қалыптастыру, сол сияқты заттарды салыстыра білуге үйрету: «үлкен-кіші», «жуан-жіңішке» т.б.

 

Балада заттардың орыналасу ретін үйрету, грамматикалық жүйені қалыптастыруға арналған әдіс-тәсілдер:

 Тапсырма барысы:  Балаға тапсырмалар беріп, орындату:

  1. Кітапты столдың үстіне, астына, жанына, тартпасына қой.
  2. Аюдың оң, сол, артына, алдына қоянды орналастыр
  3. «Дүкен көрмесі» ойыны:

Мақсаты: бақылампаздықты және зейіннің көлемін дамытады.

Керекті құрал-жабдықтар: дүкен көрмесі (витрина) бейнеленген суреттер

Нұсқау: «Мына суретте дүкен көрмесі бейнеленген, онда кәмпиттер қойылған. Олар түрлі көлемдегі жылтыр қорапшаға салынған. Педагог балаға айтады: «Кез келген қорапшаны таңдауыңа болады». Ал баласы кәмпиті көп қорапшаны алғысы келеді. Бала кәмпиті көп қорапшаны табуға көмектесуіміз керек». (Қораптарды ашпай ак салмағы бойынша көп кәмпиті бар қорапшаны табу керек).

 

Қарапайым математика. 1 ден – 10 ға дейінгі сандарды қосып, азайтуды үйрету.

 

  1. Алғашқы қадам, баланың 10 саусақтары бойынша санатып үйрету.
  2. 1ден 10 ға дейін тура және кері санатып үйрету
  3. балада қосса көбейеді, алса азаяды түсінігін қалыптастыру. 1ден – 10ға дейнгі сандар арасында карапайым есептер арқылы алу-қосу есептерін дидактикалық материалдар арқылы үйрету.
  4. Есеп: Сырғанақта 8 бала ойнап жатыр еді, 3 бала үйлеріне кетті. Сырғанақты неше бала қалды? (көрнекіліктерді міндетті түрде пайдалану).

 

 

ПДТ балаларда ұсақ моторикасын дамытудың әдіс-тәсілдері.

 

Саусақтармен жұмыс балаларды қуантуға, сонымен қатар, сөйлеуі мен ұсақ моторикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осындай әдіс-тәсілдердің нәтижесінде бала әртүрлі сенсорлық әсер алады, сондай-ақ мида шоғырлану қабілеті мен зейінділік дамиды. Мұндай әдіс-тәсілдер балалармен, ересектермен мейірімді өзара қарым-қатынасты қалыптастырады.

Қолдың ұсақ моторикасын дамыту бойынша жаттығулардың барлық кешенін шартты түрде 2 құрылымға бөлуге болады:

  1. Саусақтарға гимнастика. Саусақтарға арналған жаттығулар – бұл саусақтардың көмегі арқылы қандай да бір ұйқастырылған тарихты, тақпақтарды, ертегілерді сахналау. Саусақтармен ойнау барысында балалардың ересектердің қозғалысын қайталай отырып, қолдарының моторикасын белсендіреді. Соның нәтижесінде өз қозғалыстарын басқара білу іскерлігін дағдыландырып, іс-әрекеттің бір түріне зейінін шоғырландырады.
  2. Әртүрлі заттарды пайдалану арқылы қолдың білезіктері мен саусақтарына арналған жаттығулар ұсынылады:
  • пирамида, мозаика, матрешка құрастыру
  • тоқымаға шеңбер өткізу
  • қағазға түйме, жіп, замок әртүрлі ұзындықта жапсыру жұмысы
  • тиындарды іріктеу
  • жарманы жинау
  • сіріңкемен жұмыс
  • қағазбен жұмыс
  • жапсыру (балшықтан, пластилиннен, қамырдан)
  • арнайы шеңберге, бәтеңкеге бау байлау
  • жуан жіппен түйіншек жасау
  • құммен, сумен ойнау
  • өзінің саусағына жұқа сымды орау (жүзік немесе орам жасалады)
  • конструктор, кубиктер құрастыру
  • ауада сурет салу
  • әртүрлі материалдармен сурет салу (қарындаш, қалам, бор, көмір т.б.)
  • қолөнер.

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІІ. Қорытынды:

 

Түзете – дамыту сабақтарынан кейінгі психикалық дамуы тежелген балалардың  қорытынды нәтижесі:

  • Сәйкестендіру, бейнелеу, түсіндіру, құрастыру т.б. әдіс-тәсілдері арқылы ойлау, есте сақтау, зейін, қиял және қабылдау процестері қалыптасуда;
  • Қарындаштың көсегі арқылы жасалатын жаттығулар арқылы ұсақ моторикасы мен графомоторлы дағдылары дамыды;
  • “Аз – көп”, “үлкен – кіші” мөлшер ұғымы қалыптасты;
  • Қарапайым математикалық ұғымдар қалыптасу барысында балалардың жас ерекшелігі бойынша 1-ден 5-ке дейін және 1-ден 10-ға дейін санап үйренді. Сол сандар аралығында “қосы, азайту” ұғымдарын меңгеруде;
  • Бала белгілі ортаға бейімделіп, педагогпен еркін қарым-қатынасқа түсу әрекеті дамыды, бірақ әліде белгіленбеген ортада  еркін қарым-қатынасқа бірден түсіп кетуі қиын.
  • Геометриялық  пішіндер ұғымы сәйкестендіру, жапсыру, қию, бояу, аттарын атау тәсілдері бойынша толық түсінік қалыптасты;
  • Анималотерапиясы арқылы баланың сабаққа деген қызығушылығы оянды.

 

 Тақырыпты қортындылай келе, психикалық дамуы тежелген мектепке дейінгі жастағы балалармен бірізділікпен ұйымдастырылған түзете-дамыту сабақтарында анималотерапияны қолдана отырып, баланың білім деңгейіне (қарапайым математикалық ұғымдарға, геометриялық түсініктерге, сенсорлық эталондарына, қоршаған ортамен таныстығына, бейнелеу өнеріне т.б.) тікелей әсер ету арқылы бірінші сынып бағдарламасын игеріп кете алатын бала дайындауға болады.

 

 


Viewing all articles
Browse latest Browse all 451

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>